Қожа Ахмет ЯсауиБасқа тілдерде атауы — Кожо Акмат Ясауи (қырғызша), Әхмәд Ясәуи (Хуҗа Әхмәд, Кол Әхмәд) (татарша), Hoja Ahmet Ýasawiy (түрікменше), خوجا ئەھمەد يەسەۋى (ұйғырша)., халық арасында Әзірет (Хазрет) Сұлтан атымен танымал (1093 немесе 1103, Сайрам — 1166, Түркістан) — ортаазиялық ойшыл, ислам уағызшысы, сопылық ақын.
Өмірбаяны Қожа Ахмет Ясауи – туған жылы анық емес, кейбір зерттеушілер Қ.А. Ясауидің жетпіс үш жыл өмір сүргендігін және 1166 жылы қайтыс болғандығын негізге алып, оны 1093 жылы туылған деген пікірде. Кейбір деректер оның жүз жиырма бес, жүз отыз жыл өмір сүргенін және 1166 жыл өлгендігіне сүйеніп, һиджраның 437/1041 жылы туғандығын қуаттайды. Белгілі иасауитанушы Ф.Көпрүлү Қ.А. Ясауидің туған жылын анық көрсетпесе де, оның өмір сүрген мезгілі ХІ ғасырдың бірінші жартысында дегенді айтады. Қожа Ахмет Ясауи – түркістандық ғұлама, әулие "Түркістан".Халықаралық энциклопедия/Бас.ред. Ә. Нысанбаев. —Алматы:"Қазақ энциклопедиясы" Бас редакциясы,2000—656бет. ISBN 5-89800-145-X..
Қожа Ахмет Ясауидің арғы тегі қожалар әулеті. Әкесі – Исфиджабта даңққа бөленген әулие, Әзірет Әлінің ұрпағы Шейх Ибраһим. Анасы – Мұса шейхтың қызы Айша (Қарашаш ана). Мұса шейх те Исфиджабта әулиелігімен танылған. Кейбір деректерде Қожа Ахмет Ясауидың Ибраһим атты ұлы мен Гауhар Хошназ (Жауhар Шахназ) атты қызының болғандығы айтылады. Қожа Ахмет Ясауидың ұрпағы негізінен осы қызынан тарайды. IX ғасырда Отырар, Исфиджаб, Баласағұн, Ясы, Сауран, Сығанақ Шаш, Сүткент, Жент, Кудур, Отлук, Өзкент, тағы да басқа Мауераннахр қалаларында ислам діні уағызшыларының белсенді әрекеттері саяси сипат алған болса, Х ғасырдан бастап ислам ілімі жолындағы тәлім-тәрбиелік ордалар – медресе-теккелер түбегейлі орнығып, исламдық-руханияттық ахлақи (моральдық) ұстанымдар қалыптаса бастады. Қожа Ахмет Ясауи дүниеге келмей тұрып, Исфиджабта исламдық фикһ (құқық) мектебі ханафи мазһабының ондаған өкілдері өмір сүрді. Ясауи ілімі осы саяси-әлеуметтік, тарихи шарттарға байланысты қалыптасты. Қожа Ахмет Ясауи ұстаздарының көшбасшысы – Арыстан баб. Кашифи “Рашахат-ул айн-ил хайат” атты еңбегінде Қожа Ахметтің Арыстан бабтың шәкірті болғандығы, одан заһир және батин ілімдерінің сыры мен мәнін үйренгендігі, оған 16 жыл қызмет еткендігі туралы мәлімет береді. Ясауидың “Диуани хикметінде” де Арыстан баб туралы жиі айтылады . Қожа Ахмет Ясауидың өмірі мен қызметі туралы Жазба деректерде (Хазини, “Жауаһир-ул Абра Мин Амуаж-ил Биһар”) оның Юсуф Хамаданидың шәкірті екендігін көрсететін деректер болғанымен, соңғы зерттеулерде оны теріске шығаратын тұжырымдар айтыла бастады. Қожа Ахмет Ясауидың алғашқы шәкірті – Арыстан бабтың ұлы Мансұр Ата, екінші шәкірті – Сайид Ата Хорезми, үшінші шәкірті – Сүлеймен Бақырғани. Осылардың ішіндегі ең көрнектісі – Бақырғани (Хакім Ата) (Кашифи, “Рашахат-ул айн-ил хайат”). Тағы бір танымал шәкірттерінің бірі Мұхаммед Данышменди сопы Қожа Ахмет Ясауидың “Мират-ул Қулуб” атты мұрасын хатқа түсірді. Сондай-ақ Садр Ата, Бадр Ата, Қажы Бекташ Әулие, Сары Салтұқ, Шейх Лұқпан Перенде сияқты тұлғалар да Қожа Ахмет Ясауидың шәкірттері саналады. А. Беннигсон Қожа Ахмет Ясауидың Шопан Ата және Зеңгі Баба атты да шәкірттерінің болғандығын айтады. Ясауи шәкірттері жөнінде Фуат Көпрулу: “Мутасаууфтардың (сопылардың) өмірбаяны жайлы еңбектерде Ирак, Хорасан және Мауераннахр сопыларынан басқа түркі шейхтары деп жүрген сопылардың барлығы дерлік Қожа Ахмет Ясауи тариқатының шейхтары еді” дейді. Ахметтің әкесі діндар, құдай жолын ұстаған атақты шайхылардың бірі болған секілді. Бұлай дейтін себебіміз, ақынның 149-хикметінде оның шыққан тегі туралы төмендегі сыр шертедіҚазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6: ...Ысқақ баба жұрыны, шейх Ибраһим Құлыны, Машайықтар ұлығы - шейхым Ахмет Ясауи. ….Ясы оның арасы, жатыр гауһар парасы, Машайықтар сарасы - шейхым Ахмед Ясауи. Ахмет Бұқар қаласында Юсуф Хамаданидан діни білім алғаннан кейін, Түркістанға келіп, сол кезде Орталық Азияда кең тараған сопылық, діни-тақуалық идеялардың ірі насихатшысына айналады. Ахмет Ясауидің ержете келе Түркістанға келуі дінге байланысты болса керек. Ақын өз өлеңдерінде Түркістанға келгені жайында былайша баяндайды: ...Он жетімде Түркістанда тұрдым, міне Он сегізде Шілтеменен шарап іштім, Рузы қылды, Жәннат кезіп қорлар құштым, Хақ Мұстафа жүздерін көрдім, міне.
«Диуани Хикмет» «Ақыл кітабы» - Қожа Ахмет Иасауидің сопылық идеясын жыр еткен, этикалық-дидактикалық мазмұндағы әдеби шығармасы. Ақын өз кітабын Қыпшақ даласы мен Орта Азия түркілеріне кезінде түсінікті болған шағатай тілінде жазған. Мұның өзі араб тілінде жазылған Құран Кәрім мен түрлі хадис, тәфсирлердің күрделі қағидаларын жергілікті түркі халықтарының түсініп оқуына мүмкіндік берді.
Диуани хикметтің түпнұсқасы сақталмаған. Бұл шығарма алғаш рет 1878 ж. жеке кітап болып басылып шығады. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше қайтара басылады. Соның бірі 1901 ж. Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы болатын.Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл шығармасында ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейін өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.«Диуани Хикметтен» түркі халықтарына, соның ішінде қазақ халқына, ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономикасына қатысты бағалы деректер табуға болады. thumb|left|Қожа Ахмет Ясауи сағанасы
Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Ясауи «әзіреті сұлтан» аталып, басына XIV ғ. аяғында атақты Әмір Темір күмбезді сағана орнаттырады. Жалпы дәстүрлі түркілік сопылық рух пен Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы “Диуани Хикмет”, “Мират-ул Қулуб”, “Пақырнама” сияқты мұраларынан көрінеді. Қожа Ахмет Ясауи сопылық ілімінің, дүниетанымы мен философиясының негізін моральдық-этикалық және сопылық хикметтер деп жіктеуге болады. Ясауи іліміндегі парасат ұғымы адамның адамгершілік ахлақи мәртебесіне және “инсани камил” дәрежесіне жету мәселесін қарастырады.
Аллаға жақындай түсу үшін, әрбір адам өзінің өмір жолында төрт басқыштан өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. “Шариғат” – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауы, әрі құдайға құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, “тариқат” – дін ғұламаларына шәкірт болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл басқыш сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартып тұр. Үшіншісі, “мағрифат” – негізінен, дін жолын танып-білу сатысы деуге болады. Бұл басқыштың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс тіршіліктің негізі “бір Алла” екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, “хақиқат” (“фано”) – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғарғы басқышы. Сопылық түсінік бойынша, “шариғатсыз” – “тариқат”, “тариқатсыз” – “мағрифат”, “мағрифатсыз” – “хақиқат” болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті басқыш болып табылады.
Қожа Ахмет дүниетанымының мәні – “адамның өзін-өзі тануы” арқылы “Хақты тануы”. Бұл жолдың алғашқы мақамы (басқышы) – “тәуба”, соңғысы “құлдық” (убудийат, абд). Бұл жолдағы адам “жаратылған – мен” екендігінің ақиқатына, жаратылыс сырына көзі жеткенде, өзінің адамдық парызы – “Алла мен адамның және адам мен қоғамның” арасында “көпір – жол” болу екендігін ұғынады.Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
Ясауи хикметтерінің мәні, философиясының өзегі – адам. Адам “кемелдікке” жетуі үшін қажетті білімді игеруі керек. Бұл білімнің қайнары – хикмет. Хикметтерде адам жаратылысы – Жаратқан иенің ұлылығын көрсететін, көркемдігі жағынан ең жоғарғы кейіпте жаратылған болмыс екендігі айқын көрсетілген. Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде адамның табиғаты Құранда айтылғандай – су мен топыраққа телінеді. “Асылын білсең су уа кил (топырақ) және килге (топыраққа) кетер йа” – дейді ол. Сопылық мағынада “топырақ” – адамның жаратылыс табиғаты, парасаттылық пен қарапайымдылық. Ал, нәпсіқұмарлық, менмендік, өркөкіректік – адамды адамшылықтан кетіретін қасиеттер. Қожа Ахмет Ясауидың кейбір хикметтерінде өзінің бүкіл болмысымен топыраққа айналғандығын білдіретін символдық ұғымдар қолданылады: “Басым топырақ, өзім топырақ, тәнім топырақ; Хаққа қауышар ма екем деп – рухым муштақ”. Бұл сопылық мағынада “уисал” (Хаққа қауышу) мақамын білдіреді. Топырақ болу, нәпсіден арылу – Хаққа қауышудың бірінші шарты. Осыдан кейін адам ақиқатқа жетіп, инсани кәміл дәрежесіне ұласып, өзінің Хаққа бастар “жол” екендігінің мәніне қанығады. “Топырақ болғыр әлем сені басып өтсін” дегендегі мақсат осыған саяды. Өйткені сопылық атауда әулиелер мен пірлердің қабірін де “топырақ” дейді. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында әулие – даңғыл жол, өйткені ол – халқына жақсы мен жаманның, ақиқат пен жалғанның арасын айыруға жөн сілтейтін, Алла рақметінің қоғамдағы көрінісі болып табылатын дана тұлға.
Қожа Ахмет Ясауи ілімі Қожа Ахмет Ясауи ілімінде Хаққа қызмет ету халыққа қызмет етуден басталады. Ал, халыққа, ұлтына қызмет етудің шарты – топырақ сипатты болу, нәпсіні тыю. Топырақ сипатты болып, өзін халқына арнау кемелдікті білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кемелдікке жету үшін адамда ашқ (қуатты махаббат) пен дерт болу керек дейді. “Дертсіз адам адам емес, мұны аңла; Ашқсыз инсан хайуан жынысы, бұны тыңда”. Осы хикмет жолындағы “дертсіз адам” адамдық сезімнен жұрдай, өз ұлтының, қоғамының, Отанының алдында жауапсыз, мұңсыз, қара басының қамын күйттейтін жан. “Ашқсыз адам” – илаhи фитраттан, яғни Алла тарапынан адамға берілген құдайлық сыйдан мақрұм қалған, өзінің адамдық қадірін бағалай алмайтын, парасаттылыққа ұмтылмайтын, өзін қоршаған әлемге, адамға, табиғатқа, осының бәрін Жаратушы иеге мән бермейтін жан. Дертті адамның Қожа Ахмет Ясауи іліміндегі алатын орны ерекше. Ол хикметінде “Білімің – шырақ, халің – пілте, көз жасың – жағатын май” болсын дейді. Дертті, шерлі адам пілте болып жанып, ашқ отына түсіп, қоғамның кемшілік тұстары мен ақсаған руханиятын көріп, көз жасы, қайрат-жігерімен одан шығар жол, дауа іздейді. Шынайы ашққа осы дерт арқылы ұласады. Ал ашқ - кемелдікке жетелейтін күш-қуат көзі. Қожа Ахмет Ясауи ілімінде адамның жаратылыс мақсаты – Хаққа құлшылық ету (ибадат), ол “Сізді, бізді Хақ жаратты ибадат үшін” – дейді. Бұл ибадат (убудийат) – Хақты тану жолындағы ең жоғарғы мақам. Құдайлық ашқты, Аллаға деген махаббатпен тұтастықта көретін Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымы Алла жаратқан адам баласын кемсітпей, өзімен тең дәрежеде құрметтеуді парыз деп қарайды. “Сүннет екен кәпір де болса берме азар, Көңілі қатты ділазардан Құдай бизар” деген хикмет адамның тегі мен түсіне, діні мен діліне қарамастан оған құрмет көрсету, адам ретінде ардақтауды пайғамбарлық сүннет (жүйе, заң, қағида) ретінде танытады. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи ілімі – дін, мәзһаб аясына сыймайтын шексіз ашқ (махаббат) жолы. Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымында “дертті адам”, “топырақ адам”, “кемел адам”, сондай-ақ, “ғарип адам” тұлғалары да дәріптеледі.