Қазақстан Республикасының Президенті — Қазақстан Республикасының мемлекет басшысы және ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, елдегі ең жоғарғы лауазым.
Тарихы 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президентінің лауазымын белгілеу және Қазақ КСР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақ КСР заңымен Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Сайланған кезінде Назарбаев Қазақстанды 1989 жылғы 22 маусымнан бастап Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып басқарған болатын.
1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Дауыс беруге келген 88,2% сайлау 98,78% дауыс жинап Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
1993 жылдың жаңа Конституциясы арқылы Қазақстанда қоғам дамуына динамика беріп, бірпартиялық саяси басқарудан, экономикалық монополия жүйесінен және тарихи идеологиядан бас тарту арқылы Жоғарғы Кеңеске қатысуға ауқымды өкілет берілді.
Бұл конституцияға сәйкес, президент жалпыхалықтық дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланды, бір адам екі мерзіммен шектелді.
1995 жылы 29 сәуірде президент Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту туралы референдум өтті. Мұны дауыс беруге келген 91,26% сайлаушылардың 95,46% қолдаған.
1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл конституция бойынша президент жалпыхалықтық дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайланды. Президент туғаннан Қазақстан азаматы болуы керек, 40 жастан кіші болмауы керек, мемлекеттік (қазақ) тілді еркін білуі қажет, Қазақстанда кемінде 15 жыл тұруы керек және жоғары білімі болуы керек.
1998 жылы 7 қазанда Қазақстан конституциясына, оның ішінде президентке қатысты өзгертулер енгізілді — оның өкілеттік мерзімі 7 жылға дейін ұлғайтылды, президент үшін белгіленген шектік жас мөлшерін (65 жас) алып тастады, оған міндетті түрде қатысу қажеттілігі де белгіленді, Президенттік сайлауда сайлаушылардың 50%-ы болу қажеттілігі жойылды, Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілері үшін осындай шектеуді алып тастады. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бір мезгілде кезектен тыс президент сайлауы белгіленді.
10 қаңтар күні 1999 жылы бірінші кезектен тыс президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 79,78%, Серікболсын Әбділдин 11,7%, Ғани Қасымов 4,61%, Энгельс Ғаббасов 0,76% дауыс жинады.
2005 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстанда үшінші жалпыхалықтық президент сайлауы өтті. Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15 % дауысын жинап, жеңіске жетіп, алдағы 7 жылда билікте қалды. Оппозициялық кандидат Жармахан Тұяқбай 6,61 % дауыс жинады. Ел тарихында алғаш рет кандидаттар арасында теледебаттар өтті.
2007 жылғы 21 мамырда Конституцияға, оның ішінде президент лауазымына қатысты өзгерістер қайтадан енгізілді. Парламенттік өзгерістері кезінде Ата заңға 30 түзету жасалды. Президенттің өкілеттігінің мерзімі 5 жылға өзгертілді. Бірақ "бір адам қатарынан екі реттен артық президент болып сайлана алмайды" деген тармаққа "бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш президентіне қолданылмайды" деген есептеме қосылды. Сонымен өзара өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде президенттің саяси партиядағы қызметін тоқтатуына сөз қосылды.
2011 жылғы 3 сәуірде елде кезектен тыс сайлауы тағайындалды. Нәтижесінде жалпы дауыстың 95,5% жинаған Назарбаев қайта сайланды.
2015 жылғы 26 сәуірде Қазақстанда тағы бір кезектен тыс президент сайлауы жүргізілді. Сайлауда Назарбаев сайлаушылардың 97,75% дауысын алды да, тағы қайта сайланды.
2019 жылғы 19 наурызда президент Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігінің аяқталуына бір жыл қалғанда отставкаға кетті. Президент міндетін атқарушы болып Конституция бойынша Сенат төрағасы тағайындалатындықтан Назарбаевтың ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Көп ұзамай 9 сәуір күні Тоқаевтың жарлығы арқылы кезектен тыс президент сайлауының 9 маусым күні өтетіні бекітілді. Сайлау нәтижесінде Тоқаев жалпы дауыстың 70,96% жинады да, елдің екінші президенті болды.
2022 жылғы 17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев конституцияға өзгертулерге қол қойды, оған сәйкес президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдық болды да, қайта сайлануға тыйым салынды.
Сайланатын президентке талаптар Конституция бойынша Президент жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы 7 жыл мерзімге сайланады. Бір адам бір реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды. Қазақстан Республикасының Президенті болып: тумысынан Республика азаматтығы бар; 40 жасқа толған; қазақ тілін еркін меңгерген; Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын; жоғары білімі бар; мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген Республика азаматы сайлана алады.
Сайлау туралы конституциялық заң бойынша Президенттiкке кандидаттарды ұсыну құқығы белгiленген тәртiппен тiркелген республикалық қоғамдық бiрлестiктерге ғана тиесілі. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға қатысуға құқығы жоқ.
Президент сайлауын Республика Құрылтайы жариялайды. Президенттің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 2 айдан кешіктірілмей өткізіледі және Құрылтай сайлауымен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
Конституциялық мәртебесі Қазақстан Республикасының Президенті — мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
Конституцияға сәйкес Республика Президенті: халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және Республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі; мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді; халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды. Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін ол қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
Өкілеттіктері Конституцияның 46 бабына сәйкес Республика Президенті: Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Республика Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды; Республика Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады; Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Премьер-министрді тағайындайды; Премьер-министрді лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Республика Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады; Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады; Республика дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың 10 судьясын 8 жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін 5 жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін 5 жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады; Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады; жалпыхалықтық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдайды; адамның және Республика азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы және Конституцияның 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді; Республика атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; шет мемлекеттердің Республикада аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктері басшыларының, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды; мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды белгілейді; мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді; Республиканың азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді; кешірім беруді жүзеге асырады; Республиканың Тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Республика Премьер-Министрімен және Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан кейін Республиканың бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды; Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында соғыс жағдайын енгізеді, ішінара немесе жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Республика Құрылтайына дереу хабарлайды; өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады; Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады; Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Конституцияның 56 бабы бойынша: Құрылтайға бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республика Қарулы Күштерін қолдануды ұсынады.
Конституцияның 57 бабы бойынша: Құрылтай Төрағасын сайлау үшін Құрылтайға кандидатура ұсынады.
Конституцияның 62 бабы бойынша: Құрылтай Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін Құрылтайды таратуға құқылы; Құрылтай келісімімен тағайындалатын лауазымға Президент ұсынған кандидатураны тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған, сондай-ақ Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартылған жағдайда Құрылтайды таратуға құқылы.
Конституцияның 72 бабы бойынша: Конституциялық Сот Төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот судьяларының арасынан Конституциялық Сот Төрағасының орынбасарын тағайындайды.
Конституцияның 83 бабы бойынша: