Маралжан Қазыбекқызы Мырзақұлова (20 шілде 1974, Астана – 8 сәуір 2025, Астана) — қазақстандық дирижёр, домбырашы, қазақ халық аспаптар оркестрінің негізін қалаушысы, оқытушы, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі.
Білімі 1982–1987 жылдары Астана қаласы әкімдігінің Роза Бағланова атындағы №2 Балалар музыка мектебінің МКҚК-нің түлегі. Атақты оқытушы, домбырашы, «Балдәурен» оркестрінің жетекшісі Керейбаева Күләш Орынбекқызының төл шәкірті болған. Күләш Орынбекқызы шәкіртіне тек домбыра аспабын ғана емес, сондай-ақ мандолина, домра-прима, шертер, бас домбыра, шаңқобыз сынды бірнеше музыкалық аспаптарда ойнауды үйретті.
1992 жылы Ақмоладағы музыкалық училищеде (қазіргі Біржан сал атындағы музыкалық колледжі) домбырадан Айсұлу Бекмағанбетовада және дирижёрліктен композитор Мұхаметқали Тінәлиннен білім алады.
1996 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға «Домбыра» мамандығы бойынша профессор Біләл Алпанұлы Ысқақовтың сыныбында және «Дирижёрлеу» кафедрасында дирижёр Анвар Ізбасарұлы Нүсіппаевтың сыныбында оқиды.
1999 жылы Қазақ ұлттық музыка академиясына (қазіргі К.Байсейітова атындағы өнер университеті, ҚазҰӨУ-ға) ауысып, оны 2001 жылы бітірді. «Оркестр әртісі»; «Қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижëрі»; «Концерттік орындаушы»; «Оқытушы» деген біліктілерді алды.
Мансабы және шығармашылық қызметі 2001–2025 жылдар аралығында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрының РМҚК-ның бас дирижëрі қызметін атқарды. 2001 жылдың қыркүйек айынан бастап Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясында композиция және оркестрлік дирижëрлеу кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істеді. Сонымен қатар колледждегі қазақ халық аспаптар оркестрінде жетекшілік етті. 2021 жылдың 1 ақпанында Маралжан Мырзақұлова театрда халық аспаптар ансамблін ұйымдастырып, оның көркемдік жетекшісі және дирижëрі болды және аз уақыт ішінде ансамбль жоғары кәсіби ұжым ретінде қалыптасып, театр актëрлерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатты. 2021 жылдың 2 маусымында Қаллеки театрының халық аспаптар ансамбльінің тұсаукесер концерті өтті. 2022 жылы қазан айында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі жарлығымен Маралжан Мырзақұловаға «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі берілді. Маралжан Мырзақұлованың дирижëрлігімен театрда бірнеше ірі қойылымдар жүзеге асырылды, оның ішінде: Ғабит Мүсіреповтің «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасы (қоюшы режиссер – Гүлназ Балпейісова, композитор – Олег Синкин). 2023 жылы Қырғызстанның Бішкек астанасында өткен «ART – ORDO – 2023» халықаралық театр фестивальінде Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясының жаңа заманауи нұсқасы (қоюшы режиссері әрі композиторы – Олжас Жақыпбек, хореографы – Шырын Мұстафина).
Сондай-ақ ансамбльдің сүйемелдеуімен «Үйлену» музыкалық комедиясы (режиссері – Нұрлан Жұманиязов, композиторы – Серікжан Әбдінұров) «Кеш» драмасы (режиссері – Болат Ұзақов) және басқа да спектакльдер көрсетілді. Маралжан Мырзақұлова театрдың концерттік бағдарламаларын да жетекшілік етті. Олар «Әз Наурыз келгенде...»; «Күзгі сезім»; «Татулық – ел тірегі»; «Ғажапқа толы әуен» және т.б).
Репертуары Маралжан Мырзақұлованың дирижëрлігімен орындалған негізгі шығармалар қазақ халық музыкасы мен күйлерінен, классикалық және заманауи композиторлардың туындыларынан тұрады. Ансамбль және қазақ оркестрі репертуарында: Құрманғазының күйлері («Балбырауын»; «Сарыарқа»; «Адай»; «Серпер»; «Машина»; «Сарыкөл самар» және басқалары); Мұхаметқали Тінәлиннің «Тау ішінде»; Халық күйі «Ақсақ құлан»; Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет»; «Сарыжайлау» әні, сөзі М.Мақатаевтікі; Мұрат Бердіғұловтың «Шахристан»; «Ақсауыт» күйлері; Абай Құнанбайұлының әні «Көзімнің қарасы»; Темірлан Шөкеновтың «Нұр Ақжелең»; Сахы Нұрболаттың «Асыл мұра»; «Өрлеу»; Ришар Гальяноның «Танго для Клода»; Андрей Петровтың «Берегись автомобиля» киносынан вальс; Жорж Бизенің «Кармен» операсынан прелюдиясы (увертюра) және т.б. Ансамбль және оркестр қазақ халық әндері мен күйлерін, әлемдік музыканың үздік туындыларын, сирек орындалатын шығармалар мен заманауи композицияларды орындады.
Байқаулар және фестиваль 1999 жылы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының жастар симфониялық оркестрі дирижёрлері байқауының лауреаты (Алматы) 2000 жылы «Домбыра» номинациясы бойынша «Шабыт» III Халықаралық шығармашыл жастар фестивальінің лауреаты (Астана) 2001 ж. — Шамғон Қажығалиев атындағы І Республикалық дирижëрлер байқауының лауреаты (Орал) 2004 ж. — Нұрғиса Тілендиев атындағы I Республикалық дирижëрлер байқауының лауреаты (Алматы) 2008 ж. — Нұрғиса Тілендиев атындағы I Халықаралық дирижëрлер байқауының лауреаты (Астана) 2011 ж. — Боздақ Рзаханов атындағы І Республикалық дирижëрлер байқауының лауреаты (Ақтау) 2016 жылы 29 маусымда «Москва встречает друзей» (Мәскеу достарды күтіп алады) дирижëр Владимир Спиваковтың Халықаралық қайырымдылық қорының 13-фестивальінде Ресейде «Коломенское» мұражай-қорығында «Ақ сиса» халық аспаптар ансамбль орындауында композитор Е. Нұрымбетовтың «Струны столетий» (Ғасырлар сазы) және Құрманғазы Сағырбайұлының күйі «Балбырауын» деген шығармалары шырқалды. Жетекшілері Маралжан Мырзақұлова және оның жұбайы дирижëр Ерлан Бейсембаев.
Қайтыс болуы 2025 жылы 8 сәуірде 50 жасында дүниеден өтті.
Тағы қараңыз Қазақстандағы әйел дирижёрлер жайлы жазылған алғашқы мақала Әйел дирижёрлер (тізім)
Дереккөздер
Санат:Қазақстан домбырашылары Санат:Қазақстан әйел дирижёрлері Санат:Қазақстан дирижерлері Санат:Домбырашылар