Темір түзіктері () — Әмір Темірдің әскери және саяси қызметі туралы мәлімет беретін тарихи шығарма. «Тузуки Темурий», «Тузукоти Темур», «Малфузоти Темурий» және «Воқеоти Темурий» деген атаулармен де белгілі. Әмір Темірдің «Түзіктері» авторы екенін мойындайтын ғалымдар көп. Олардың қатарында «Темір түзіктері» шығармасының ағылшын тіліне аудармашылары мен баспагерлері Дэви мен Уайт, әйгілі түрік энциклопедист ғалымы Шамсуддин Сами, қолжазбаларды зерттеуші ірі маман Николай Миклухо-Маклай да бар. Басқа бір топ ғалымдардың пікірінше, бұл шығарма XVI–XVII ғасырларда Үндістанда жазылған.
Шығарма туралы Шығарма 2 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Әмір Темірдің өмірбаяны, қоғамдық-саяси қызметі, оның Мәуереннаһрда орталық билікті қолға алуы, саяси бытыраңқылықты жоюы, орталықтанған мемлекет құруы, 27 мемлекетті, соның ішінде Иран, Ауғанстан, Әзербайжан, Грузия және Үндістанды өз қарамағына қосуы, Алтын Орда билеушісі Тоқтамысқа және түрік сұлтаны I Баязитқа қарсы әскери жорықтары, ұлы империясын нығайту үшін әртүрлі әлеуметтік топтарға жасаған қатынасы ұлы қолбасшының өз аузынан қысқаша түрде баяндалады.
Екінші бөлім ұлы Жаһангирдің ұрпақтарына арналған өсиет, ақыл-кеңес және ғибрат сөздерден тұрады. Онда мемлекетті басқаруда кімдерге сүйену керектігі, тақ иелерінің мінез-құлқы мен міндеттері, уәзірлер мен әскербасыларды таңдау, әскердің құрылымы мен соғыс жүргізу ережелері, сарбаздардың жалақысы, елді басқару тәртібі, мемлекет қайраткерлері мен әскер басшыларының міндеттері, әмірлер, уәзірлер және басқа да лауазымды тұлғалардың патша алдында көрсеткен ерекше еңбегін бағалау жолдары және басқа да мәселелер қарастырылады.
Дереккөздер
Санат:Өзбекше кітаптар Санат:Тарихи кітаптар