Шотан Назарұлы (1705–1786) — қазақ батыры. Тегі — Кіші жүз Адай руынан шыққан. Шотанның анасы Мақпалжан - Қаратоқай Беріш руынан, атақты Есболай бидің қарындасы. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Түркістан қаласының маңында болған ұрыстарда ерекше көзге түсті. 1739–1742 жылдар аралығы Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Хангелді, Өтеген батырлармен бірге Ұлы жүз жерін Серен Дондук пен Септеннің 35 мыңдық жасағының шабуылынан қорғау ұрыстарына қатысып, қазақ қолының бір бөлігіне басшылық етті. 1739–1740 жылы қыста жоңғарлардың қазақтарды Бетпақтың суығына ұстап қырмақ болған әрекетін іске асыртпай, табандылықпен шайқасты. Шотанның есімі 1750 жылдан кейінгі деректерде аталмайды, соған қарағанда кіші қалмақ ордасымен болған шайқастардың бірінде қаза тапқан болуы керек. Шотан батыр есімі түрікмендермен болған шайқастарда да көп кездеседі.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына байланысты Маңғыстау ауданының қарашаңырағы болып есептелетін Тұщықұдық жерінде халықтың ұмытылмас тұлғаларының қатарындағы, жоңғарлармен шайқаста қазақ жерін қасықтай қаны қалғанша қорғаған халық батыры Шотан Назарұлына және Ұлы Отан соғысында бастан-аяқ болып, елге аман оралып, халық шаруашылығын қалпына келтіруде қажырлы еңбек еткен Иса Жанәділұлы, Қалмырза Жұмалыұлы, Шаңытбай Ибаұлына көше аттары беріліп, дүбірлі той өткізілмекші. Халық өзінің ерен тұлғаларын қаншама тауқымет тартса да, естерінен шығарған жоқ. Жұртымыз талай рет небір басқыншылықты басынан өткізіп, шаңырағы ортасына түсіп, құрып кетуге айналды. Сол бір кездерде: «Жаным – арымның садағасы, арым – халқымның садағасы» деп елін сүйген, жанын шүберекке түйген, небір жүрек жұтқан батырлар, қазақ елінің қай жерлерінде де атқа қонып ерлік істері мен даңқын паш етті. Біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы – жоңғарлармен жан алып, жан беріскен сұрапыл жылдарда жасақтың бас сардары болған Шотан Назарұлы. Шотан 1705 жылы Әзіреттің Алатауының Қазығұртқа қараған беткейін жайлаған Адай ауылының белгілі биі және батыры Назардың шаңырағында дүниеге келген. Шотанның әкесі Назар – 1684 жылдардың шамасында туған, әрі би, әрі батыр, халқының алдында үлкен беделге ие болған тұлға. Адай тайпасында Қыдыр көрген үш Назар бар деп атайды. Олардың бірі – осы Жары Назар, Ескелді Саназар, Жаңай Қожаназар делінеді. Жары Назар Әйтеке бидің жиені және айырылмас досы болған. 1722 жылдың көктемінде Әбілқайырдың өткізген жиынында туған жерді уақытша жауға қалдырып, елді аман алып қалуды, ол үшін қыс түсіп, мұз қатқасын Сырдан өтіп, малды түгелдей өткізіп, жаз шыға қозғалу мәселесін бірінші Назар ұсыныпты. Әскер ісімен айналысуға табын Бөкенбай мен Көкінің Есеті бөлінген. Әбілқайыр өзінің сөзінде белді бекем буатын мезгілдің келгенін, сондықтан да Еділ мен Жайықтың арасына сұғынып торғауыт пен башқұртты ығыстыруды нысана етпесе болмайтынын айтып, шешім қабылдайды. Мінеки, Әбілқайыр осылай өзіне қарасты халықты жұрт аударуға тас-түйін даяр етіп қояды. Айтқандайын 1723 жылдың ерте көктемінде Сыбан-Раптан жүз мыңның үстінде мұздай қаруланған әскерін қазақ еліне төгіп жібереді. Әбілқайыр қалмақ қолымен Қаратаудың Сұғындық асуында кездеседі. Осы соғыста Шотан өзінің ерекше ерлігімен көзге түскен болатын. Соғысты алыстан бақылап тұрған Әбілқайыр астында жүйткіген шұбар аты бар, өте жылдам қимылдайтын бір жігіттің қалмақтың ұйыққан ортасына қойып кетіп, жайратып шығып жүргенін көріп және артындағы бес жүздей нөкерінің одан екі елі қалмай жауға үлкен шығын келтіріп, жапырып бара жатқанына қуанып, қасындағылардан сұрағанда, қасында тұрған Мырзатай: «Ол Назар ағаның баласы Шотан ғой, үлкен ұрысқа бірінші кіруі», – дейді. Сонда Әбілқайыр: «Бірінші соғысып тұрғаны мынадай болса, бұдан кейінгі соғыстарда аман болса қалмақтарға жіберген Алланың жаналғышы десейші», – деп басын шайқап, күліп ризалығын білдіреді. Сол соғыста Бөкенбайдың ту сыртынан есік пен төрдей жерден келіп найза ұрғалы жатқан еңгезердей қалмақты байқап қалған Шотан шалт қимылмен қолындағы найзаны одан бұрын сілтеп, найза кеңірдектен шаншылып, өкіріп арт жағындағы құлап бара жатқан қалмақты енді аңғарған Бөкенбай найзасын суырып алып жатқан Шотанды көргенде өзін ажалдан арашалаған жасқа риза болады. Сол жерде шатқалға қамап, он мыңдай қалмақты біреуін қалдырмай қырған Әбілқайыр қолының ішінде асқан ерлік көрсеткен Шотанды табын Бөкенбайдың ұсынысымен он екі ата Байұлының «Бас сардары» етіп бекітіпті. Сол жерде Әбілқайыр Шотанға «Жұлдызың жарқырай берсін, Шотаным», – деп батасын беріпті. Он екі ата Байұлының Шотан басқарған қолы Жем бойын жағалай қоныстанып отырған Лекбай тайшының әскерін талқандап, бес жүз үймен отырған ауылын шауып, үлкен олжа түсіреді. «Қалмақ қырған» деген атау бұл жерде қалған. Сонымен қатар Шотан Ақтабан шұбырынды кезінде башқұрттар иеленіп алған Ырғыз, Елек, Ор, Қарғалы, Қарабұтақ жерлерін дұшпанның қарсылықтарына қарамастан қайтарып алды. Әбілқайыр бастаған қалың қол 1728 жылдың көктемінде Сарысудың оңтүстік батысындағы Бұланты өзенінің жазығында қалмақтың үлкен қолымен кездеседі. Сол кезде қалмақ жағынан шыққан батыр: «Осында Саңырық бар ма, батыр болса менімен жекпе-жекке шықсын, егер қорықса ең мықтысын жіберсін», – деп айқайды салып ортаға шыға келіпті. Атын атап шақырғасын жекпе-жекке шықпай қалуға болмайтынын білетін Ұлы жүздің бас сардары Саңырық атынан түсіп, айылын қайта тартып жатқанда Әбілқайыр келіп: «Саңырық атыңды атай берсін, ол жоңғар қолының бас сардары емес қой, сіздің орныңыз басқа ғой, басқа жас нояндардың бірі шығар», – деп еді, Саңырық: «Көптен бері жекпе-жекке шықпап едім, Құдай бергенін қайтып алмаса желкесін үзіп келейін», – деп атына міне бергені сол еді, қалың қол шу ете түсті. Әбілқайыр да, Саңырық та жекпе-жекке шақырған қалмаққа қарай оқша ұшып бара жатқан адам ба, үлкен шұбар жолбарыс па айырып жатуға болмайтын біреудің жылдамдықпен барып өте шыққанда қалмақтың атынан қалай құлағаны байқалмай қалыпты. Қайта оралған бетінде жығылған қалмақтың басын Саңырықтың алдына әкеліп тастап, өзі ортаға кіріп, көрінбей кетіпті. Жаңағы адамның кім екенін Әбілқайыр ғана танып қалыпты. Ол дулығасының астынан ақ жібек орамалмен бетін тұмшалап алған Шотан еді. Таңғалып тұрған Саңырыққа қарап Әбілқайыр: «Сәке, кешірім өтінемін, сіздің сыбағаңызды рұқсатсыз пайдаланып кеткен біздің бір жас сарбазымыз», – дегенде, Саңырық: «Ойпырмай, өзі адам ба, мен көмекке келген пірлердің бірі шығар деп едім», – деп күледі. Шотан бұл соғыста да он екі ата Байұлы жасақтарын бастап, қалмақ қолын бөліп, қоршап алып қырып тастайды. Бұланты соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін барлық әскерді сапқа тұрғызып, алдына Саңырық шығып, Шотанға: «Өркенің өссін, інім, жаудан сағың сынбасын, даңқың арта берсін», – деп күмістелген ер-тоқымды күрең арғымақты және алтын балдақты алмас қылышты сыйға тартыпты. 1730 жылғы соғыста да Шотан ерекше көзге түседі. Қалмақтар тау шатқалында бекініп алып, қазақ қолы жазық далада, күннің астына қалған жерде Шотанның ақылымен жауды жеңіп шығады. 1754 жылдың басында Абылай үш жүздің біріккен құрылтайын шақырады. Абылай сөзінде жоңғар үшін, қала берді, қазақ үшін ең қауіпті жау өзін жарым дүниенің әміршісі деп есептейтін Қытай мемлекеті екенін ашық айтады. Сол кезде қазақ елінің кейбір жерлерін жоңғарлар иемденіп отырған болатын. Кеңестің белгілеуі бойынша қазақ қолы мамыр айының ортасында Аягөз өзеніне – Ақшәуліге жиналуға сөз байласады. Бұл соғыста бес мың қолды бастап Ералы сұлтан мен Шотан келеді. Абылай әскербасыларымен жиын өткізіп, жауға үш бағытта аттанатын болады. Хан жасағын қосып Абылайдың өзі жүреді. Соғыс басталғанда Абылай мен Ералы сұлтан азғантай нөкерлерімен биіктеу жерге шығып, соғыстың барысын бақылай бастайды. Шотан бастаған топтың жоңғарды қынаша жайпауы назарды бірден аударды. Абылай Шотанға садақтан атылып жатқан жебелер мен мылтық оқтарының біреуі дарымай, сілтеніп жатқан шоқпар мен айбалтаның біреуі тимей жатқанына таңғалғаны сондай: «Мына Шотан батыр құдіреттің өзі екен ғой, тусаң ту», – депті. Шотанның оққағарының бар екендігіне, қасиетті батыр екендігіне Абылайдың көзі жетіпті. Шотанның қолы қалмақтарды тұтастай қоршауға алғанда қалмақтар ақ жалау көтеріп, бас сауғасын сұрапты. Шотан Абылайға қараған екен, Абылай: «Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамдікі, сондықтан шешімді өздеріңіз алыңыздар», – дейді. «Егер олай десеңіздер, қалмақтардан бұдан былай қазаққа қол көтермейміз деген антын алып, қару-жарақтарын алып, өздеріне екі адамға бір ат-көліктен беріп, елдеріне қайтарамыз және елін көшіріп, жоңғар қақпасынан әрі кететін болады» депті. Шотанның керемет ерлігіне және оның қанқұмар еместігіне, үлкен ақылдылығына Абылай іштей разы болады. Адайлардың негізгі тайпалары 1740–1741 жылдардың шамасында Доңызтау, Желтау, Қарақұм, Аспантай-Матай, Сам құмдарын қыстап Маңғыстауға қарай бағыт алған. Өткен тарихи деректерді азды-көпті айтып кеткен ақындар Абыл, Нұрым, Ақтан, Қалнияз, Мұрат, Аралбай, Сәттіғұл, Сүгірлерден, Айтқұл, Шамығұлдардан қалған әңгімелер бар. Кәрі Маңғыстау – талай аузы дуалы билерінің кесімді адал биліктеріне, түмен-түмен қол ертіп, терлігін терге шірітіп, елін қорғаған ерлердің ерліктеріне, малының көптігінен көшкенде жұртына желідегі елу құлынды бие, қырық боталы түйені ұмытып тастап кетіп жүрген байлардың байлықтарына, таңды-таңға ұластырып жырлаған жыршыларға, олардың әр қилы тағдырларына куә болған өлке. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның кезінде Маңғыстауға Адай елін бастап келген батырлардың басында да Шотан тұр. Осы елдің Маңғыстау жеріне алғаш қоныстануын ақын Түмен Балтабасұлы «Маңғыстау» атты дастанында былай деп жырлапты: Маңғыстау – үш қиянның өткен жері, .:Жерленбей жеті жұрттың кеткен жері. Елеспен есі кеткен иесіз жерді, Халқымыз Адай мекен еткен жері. Суы сүт, шөбі шүйгін, бал татиды деп, Төлдейтін төрт түліктің өскен жері. Бөлініп босқан елден қоныс қарап, Ел болып ірге қоныс тепкен жері. Ер Шотан шұбар атты ұстап мініп, Аға деп Әжібайға бата айтқызып, Той жасап Адай туын тіккен жері… Немесе кейбір жазбаларда: Жолдасы Есболай мен Есек мерген, Өңшең батыр қайыспас көпті көрген. Еліне қоныс іздеп шыққаннан соң, Би Әжібай Шотанға бата берген, – депті. Мұрат Мөңкеұлының, Қалнияз Шопықұлының кейбір айтқандарына қарағанда да елді бастап келіп, қондырған батырлардың алдында Шотан айтылады. Немесе жергілікті азаматтардан жасақ құрып, Сағызда отырған қалмақтармен, түрікмендермен, Хиуаның сарттарымен соғысып, жерді иеленген Шотан деп әңгімеленеді. Ең бірінші Маңғыстаудың ойына жер қарап келген Шотан екендігін Мұрат Мөңкеұлының мына бір жыр шумақтарынан тағы да көруге болады: Есболай, Кете, Әжібай қарай келген, Қасына батыр жары Шотан ерген. Әжібай Арқа жағын қыстап қалып, Керелді Есболай бай иеленген. Осындай тарихи жазбаларға сүйенсек, Адай тайпасын Маңғыстауға бастап келген Шотан, Есболай, Есек мерген, Атағозы, Өмір, Лабақ, Ақпан батырлар екеніне күмән тумайды. Сөйтіп, Керелге Есболай бірінші болып орналасса керек. Көшке жол бастап Өрмелі арқылы құлатқан Қосай Есенқұлұлы Есек батыр делінеді.